5 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ШОҚАН УӘЛИХАНОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ҮЛКЕН АЛТАЙДЫ ЗАМАНАУИ ЗЕРТТЕУ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығы, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы «Академик Б. Мамраев атындағы ғылыми кітапханамен» бірлесе отырып «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы және Үлкен Алтайды заманауи зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді.
Семинардың басты мақсаты – Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын зерттеу және насихаттау арқылы Үлкен Алтай аймағын заманауи зерттеу мәселелерін талқылау болды.
Іс-шара барысында «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, PhD докторы Майра Тарлаубай «Алтайтану» орталығының қызметімен таныстырып, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дің Үлкен Алтайды зерттеудегі рөлін атап өтті.
Ресей Федерациясы, Алтай Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Алтай Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Лариса Тыбыкова «Алтай руникасы» тақырыбында ғылыми-танымал деректі фильм ұсына отырып, семинар қатысушыларының сұрақтарына жауап берді.
Академик Б. Мамраев атындағы ғылыми кітапхананың бас кітапханашысы Светлана Самойлова «Үлкен Алтайдың ғылыми зерттеулеріне арналған Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ кітапханасының ресурстары» тақырыбында баяндама жасап, кітапхананың сирек қорымен таныстырды.
Моңғол мемлекеттік білім беру университетінің Баян-Өлгей аймағындағы филиалының директоры, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Хиналған Жылхыайдар жалпы филиал туралы ақпарат беріп, Үлкен Алтайдың зерттелмеген қырларының әлі көп екеніне тоқталды және болашақта екі университет арасындағы ғылыми байланыстардың нығайту мүмкіндігіне сенім білдірді.
«Алтайтану» ҒЗО бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Раушангул Мұқышева «Шоқан Уәлиханов – түркі халықтарының фольклорын зерттеуші ғалым» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар Айгүл Жиренова «Ш. Уәлиханов және мәдени өзін-өзі тану идеясы: этнографиялық сипаттамадан ұлттық жобаға дейін» атты баяндамасында ғалымның зерттеу бағыттарын талдап өтті.
Қорытындысында қатысушылар Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерін, Үлкен Алтай аймағы бойынша заманауи зерттеу әдістерін талқылады, ұсыныстар жасалды және кітапханалық ресурстарды тиімді пайдалану жолдары қаралды. Семинар ғылыми қоғамдастық және білім алушылар үшін маңызды ақпараттық-тәжірибелік алаң болды.




