9 декабря 2025
СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА «16 ЖЕЛТОҚСАН – ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢЫ» АТТЫ ТӘРБИЕЛІК-ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Тәуелсіздік күні қарсаңында «16 Желтоқсан – Тәуелсіздік таңы» атты тәрбиелік-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты — Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын жастарға жеткізу, ұлттық сананы нығайту және егемендіктің қадірін ұғындыру.
Тәуелсіздік — ұлт рухын көтерген, елдік идеяны бекемдеген тарихи белес. Осы мақсатта өткен шара барысында Желтоқсан құрбандарының қайсарлығы, ұлттық болмыс пен азаттық жолындағы күрес туралы тағылымды ой қозғалды.
Кездесуді Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Жаннета Қалимолдина ашып, жастарды ел тарихына құрметпен қарауға, егемендіктің әр сәтін бағалауға шақырды. Ол Тәуелсіздікті сақтау — әр ұрпақтың қасиетті міндеті екенін атап өтті.
Шараға арнайы шақырылған қонақтар: Маратбек Рамазанов — «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің ШҚО төрағасы, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы.
Спикер 1986 жылғы оқиғалардың шынайы күрделі тұстарын баяндап, сол кезеңнің ауыр да ерлікке толы сәттерін студенттерге жеткізді. Жас буынға тәуелсіздіктің қандай құндылықпен келгенін сезіндіре алды; Бақытгүл Бакужанова — қоғамдық белсенді, патриоттық тәрбие маманы.
Ол қазақ әйелінің қайсар рухын, ұлттық құндылықтардың ұрпақ тәрбиесінде алатын орнын және Тәуелсіздік жолындағы әйелдердің үлесін ерекше атап өтті; Үміржан Шакаев — жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі.
«Тәуелсіздік және еңбек: Жас буынның даму жолы» тақырыбында ой қозғап, ел дамуына жастар қосатын үлестің маңызы туралы мотивациялық пікір алмасты. Еңбекқорлық пен жауапкершіліктің тұлға қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Шараға ұлттық рең беріп, рухани әсерін арттырған күйші Озатбек Мейірбан болды. Ол Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйін орындап, тыңдарман жүрегіне ұлттық үн жеткізді.
Кездесу соңында сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылып, студенттер қонақтармен еркін пікір алмасып, көкейіндегі сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
«Тәуелсіздік – өткеннен жеткен даңқ емес, келешекке жүктелер зор аманат»
Бұл тәрбиелік-танымдық шара жастардың тарихи санасын жаңғыртып, ұлттық рухты, елжандылық сезімді арттыра түсті. Университет ұжымы мұндай іс-шаралар арқылы ұлт тарихын қастерлеуді, болашақ мамандардың мемлекетшіл көзқарасын қалыптастыруды жалғастыра бермек.





