15 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ КАРАТЭДЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бірінші курс студенті Милана Щетинина каратэден әлем чемпионы атанып, үлкен спорттық жетістікке қол жеткізді. Ол Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен беделді халықаралық «The 5th World Kyokushin Championship» турнирінде жеңіске жетті.

Милана 18–21 жас, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қарсыластарынан айқын басым түсіп, алтын медаль иеленді. Бұл оның жоғары деңгейдегі дайындығы мен көпжылдық еңбегінің айқын дәлелі.

Милана каратэмен 11 жылдан бері айналысады, спорт шебері атағының иегері. Спорттық жолында ол Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегері атанған. Оның еншісінде Азия чемпионатының екі күміс, бір қола медалі бар. Сондай-ақ, 2023 жылы «The 4th World Kyokushin Championship» турнирінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды.

Әлем біріншілігіне дайындық оңайға соқпады: Милана қарқынды жаттығуларды университеттегі оқуымен қатар алып жүрді.

Бұл жетістікте спортшының бапкері — Илья Яковлевтің еңбегі зор. Аталған чемпионатта ол өзі де жоғары нәтиже көрсетіп, төрт дүркін әлем чемпионы атанды.

Алдағы уақытта Милана Щетинина спорттық мансабын жалғастырып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауды, сондай-ақ жаттықтырушылық қызметпен айналысып, балаларға өз тәжірибесі мен спортқа деген сүйіспеншілігін үйретуді жоспарлап отыр.

Милананың жеңісі — табандылықтың, мақсатқа ұмтылудың және қайсар мінездің жарқын үлгісі. Бұл жетістік Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен өңірдің бүкіл спорт қауымдастығы үшін зор мақтаныш.