17 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПСИХОЛОГИЯ ПӘНІ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

2025 жылғы 17 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің психология және коррекциялық педагогика кафедрасы Өскемен қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде оқитын 11-сынып оқушылары арасында психология пәні бойынша өңірлік олимпиада өткізді.

Интеллектуалдық сайысқа өңірдің қала және аудан мектептерінен дарынды оқушылар қатысты. Олимпиаданың негізгі мақсаты — оқушылардың психология ғылымына деген танымдық қызығушылығын арттыру, кәсіби бағдар беру және болашақ мамандық ретінде психологты таңдауға ынталандыру.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Қорытынды кезең 12 желтоқсанда өтіп, қатысушылардың аналитикалық қабілетін, ойлау тереңдігін және шығармашылық көзқарасын анықтауға бағытталған арнайы тапсырмаларды орындауды қамтыды. Оқушылар өзекті психологиялық мәселелерге қатысты жеке көзқарастарын ұсынып, логикалық ойлау деңгейінің жоғары екенін көрсетті.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің «Шілікті орта мектебі» КММ оқушысы Жанерке Шегенова иеленді. Жеңімпазға «Психология» білім беру бағдарламасы бойынша төрт жылдық университеттік грант табысталды.

І, ІІ және ІІІ орын иегерлері, сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар дипломдармен марапатталады. Олимпиадаға қатысқан барлық оқушыларға сертификаттар беріліп, шәкірттерді дайындаған педагог-психологтарға алғыс хаттар табысталады.