18 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОЛАШАҚ МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУДАҒЫ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде кәсіби бағдар беру мақсатында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қатысуымен мазмұнды кездесу мен көрме өтті. Іс-шара студент жастарға құқық қорғау саласының мәні мен маңызын таныстыруды көздеді.

Кездесудің салтанатты ашылуы Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің инструменталдық ансамблінің орындауындағы ұлттық күйлермен басталып, шараға ерекше рухани реңк берді.

Іс-шара барысында студенттерге полиция қызметінің негізгі бағыттары мен ерекшеліктерін қамтитын бейнематериалдар мен ақпараттық слайдтар ұсынылды. Құқық қорғау органдарының өкілдері ішкі істер саласындағы қызметтің қоғамдағы орны, күнделікті жұмыс барысы, тәртіп сақшыларына жүктелетін жауапкершілік пен кәсіби талаптар жөнінде кеңінен баяндады. Сондай-ақ полиция қызметінде міндетке адалдық, абыройды сақтау және ерлік таныту ұғымдарының айрықша маңызға ие екені ерекше атап өтілді.

Кездесуге арнайы қатысқан қонақтар қатарында Қанат Сикебаев – Қазақстан Республикасы ІІМ жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция капитаны; Серік Манапов – Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі; ШҚО ПД жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, полиция майоры Дәурен Балыкшинов болды.

Көрме аясында студенттер полиция саласындағы әртүрлі қызмет бағыттарымен танысып, қызметке қабылдау шарттары, іріктеу кезеңдері мен қажетті құжаттар туралы нақты ақпарат алды. Болашақ мамандар сала өкілдеріне өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тікелей жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Аталған кәсіби бағдар беру кездесуі мен көрме студенттердің болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосты.