18 декабря 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «КОЛЛЕДЖ БАРЫСЫ – 2025» ТУРНИРІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Шығыс Қазақстан облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында қазақ күресінен дәстүрлі «Колледж барысы – 2025» турнирі өтті.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі мерекелік жағдайда ұйымдастырылды. Спортшылар татамиге ұлттық әуеннің сүйемелдеуімен шығып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.

Турнир жыл сайын «Колледж барысы» жобасы аясында өткізіліп келеді және ұлттық спорт түрі — қазақ күресін насихаттауға, жастардың бойында рух күші мен патриоттық сезімді қалыптастыруға, ұлттық дәстүрлерге құрмет көрсетуге, сондай-ақ олардың физикалық дайындығын нығайтуға бағытталған. Биылғы жарыс Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылды.

Сайысқа Шығыс Қазақстан облысының колледждерінен келген ең мықты балуандар қатысып, жоғары деңгейдегі шеберліктерін, жеңіске деген жігерін, төзімділігін және қарсыластарға деген құрметін көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша екі салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталды:

80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде
Асанали Арманұлы (Түйе палуан) — Жоғары медициналық колледжінің 4-курс студенті жеңімпаз атанды.

80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде
Расул Асхатұлы (Өгіз палуан) — Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 3-курс студенті жеңіске жетті.

«Колледж барысы – 2025» турнирі өңір жастарын біріктірген жарқын спорттық шараға айналып, ұлттық спорттың мәдени мұра мен жас ұрпақты рухани тәрбиелеудегі маңызын айқын көрсетті.