23 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ РЕКТОРДЫҢ ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2025 жылғы қызметінің қорытындылары бойынша Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Төлегеннің қоғам алдындағы есепті кездесуі өтті.
Кездесуге профессор-оқытушылар құрамы, университет қызметкерлері, ардагерлер, серіктес ұйымдар өкілдері мен білім алушылар қатысты.
Өз баяндамасында ректор 2025 жыл университет үшін жүйелі өзгерістер, институционалдық жетілу және өңірлік білім беру, ғылым және инновациялар хабы ретінде орнықты даму моделіне көшу кезеңі болғанын атап өтті.
Бүгінде университетте өңір мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын қамтитын 154 білім беру бағдарламасы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кадрлар даярлануда. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларының 91 пайызы жаңартылып, тәжірибеге бағытталған оқыту күшейтілді, еңбек нарығымен және өңірлік жұмыс берушілермен ынтымақтастық кеңейді. Білім беру бағдарламалары құзыреттілік моделі, жаңа мамандықтар Атласы, цифрлық дағдылар және Индустрия 4.0 талаптарын ескере отырып қалыптастырылуда.
Есеп барысында «өмір бойы білім алу» қағидатын дамыту, «Күміс университеті» жобасының жүзеге асырылуы, студентке бағдарланған университет моделі, әлеуметтік қолдау, академиялық адалдық пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарға ерекше назар аударылды. Университетте академиялық адалдықты бұзуға, сыбайлас жемқорлыққа және құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік саясаты іске асырылуда.
Интернационалдандыру университет дамуының маңызды басымдықтарының бірі ретінде белгіленді. Университет QS Asia рейтингінде ұсынылған, Times Higher Education рейтингінде қатысушы мәртебесіне ие, халықаралық қауымдастықтардың мүшесі болып табылады. 2025 жылдың қараша айында университет Шанхай ынтымақтастық ұйымының ірі халықаралық құрылымына мүше болды. 2027 жылы Генуя университетінің филиалын ашу жоспарлануда.
Ғылым саласындағы жетістіктерге де ерекше тоқталды. 2023–2025 жылдарға арналған ғылым бюджеті 4,6 млрд теңгеге жетіп, 3,5 есеге артты. Ғалымдардың жалақысы екі есеге ұлғайды. PhD дәрежелері мен қауымдастырылған профессор атақтарын алу көрсеткіштерінің өсуі университеттің ғылыми әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.
Сонымен қатар, университетте инновациялық-технологиялық экожүйе қалыптастыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, технопаркті дамыту және AI-Sana бағдарламасын іске асыру бағытындағы жұмыстар таныстырылды. Бағдарлама аясында 10 мыңнан астам студент жасанды интеллект курстарын аяқтап, оқытушылар халықаралық сертификаттарға ие болды.
Кездесу соңында ректор қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, университеттің алдағы стратегиялық міндеттерін айқындады. Сондай-ақ ұжым мен студенттерді университеттің, өңірдің және елдің тұрақты дамуы жолында бірлесіп, жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырды.









