26 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ ПӘНДЕРДІ ОҚЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН МҮМКІНДІКТЕРІ» АТТЫ ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімінің әдістемелік семинарлар циклі аясында «Қазіргі таңдағы гуманитарлық пәндерді оқытудың ерекшеліктері мен мүмкіндіктері» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – гуманитарлық пәндерді оқытудың заманауи бағыттарын талдау, білім беру үдерісіндегі жаңа мүмкіндіктерді айқындау және оларды педагогтердің кәсіби тәжірибесінде тиімді қолдану жолдарын көрсету болды. Сонымен қатар семинар гуманитарлық білім берудің тұлғалық, тәрбиелік және дүниетанымдық әлеуетін арттыру мәселелеріне арналды.
Семинар спикерлері ретінде Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының лекторы Ғалым Нұржайнат және Ұлан ауданы КММ «Азов орта мектебінің» тарих пәні мұғалімі, педагог-психолог Қарагөз Нұрсапанова баяндама жасады. Спикерлер өз сөздерінде гуманитарлық пәндерді оқытудың қазіргі талаптары, әдістемелік жаңашылдықтар мен практикалық тәжірибе туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Семинар барысында гуманитарлық пәндердің білім алушылардың тұлғалық дамуына тигізетін әсері кеңінен қарастырылды. Атап айтқанда, бұл пәндердің студенттердің сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға, азаматтық ұстанымын нығайтуға, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруге, сондай-ақ коммуникативтік мәдениетін дамытуға ықпал ететіні атап өтілді. Гуманитарлық білімнің қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілігі мен тәрбиелік маңызы ерекше көрсетілді.
Іс-шара аясында гуманитарлық пәндерді оқытудың негізгі ерекшеліктері талқыланды. Тұлғаға бағытталған оқыту, құндылыққа негізделген білім беру, интерактивті әдістерді қолдану және пәнаралық байланысты жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Дебат, кейстік тапсырмалар, рөлдік ойындар, жобалық және зерттеу жұмыстары білім алушылардың белсенділігін арттырудағы тиімді құралдар ретінде ұсынылды.
Сонымен қатар семинар барысында цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Онлайн білім беру платформаларын пайдалану, бейнематериалдар мен виртуалды ресурстарды сабақ үдерісіне енгізу, медиа және ақпараттық сауаттылықты дамыту жолдары ұсынылды. Бұл ретте білім алушылардың ақпаратты сыни тұрғыдан талдай білуі және академиялық адалдық қағидаларын сақтау мәселелері ерекше атап өтілді.
Семинар қорытындысында гуманитарлық пәндерді заманауи талаптарға сай оқытудың білім беру сапасын арттырудағы маңызы атап өтіліп, қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Іс-шара оқытушылардың кәсіби тәжірибесін жетілдіруге, жаңа әдістемелік көзқарастарды қалыптастыруға және гуманитарлық білім берудің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған тиімді алаң болды.
