29 января 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

2026 жылғы 28 қаңтарда «Ұлттық Құрылтай–2026» мәселелерін талқылау аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің және «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен «Жаһандану жағдайындағы қазақстандық жастардың мәдени сәйкестігі» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – жаһандану үдерістері жағдайында жастардың мәдени және ұлттық сәйкестігін қалыптастырудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылау, сондай-ақ рухани және дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталған ғылыми-практикалық тәсілдерді айқындау болды.

Семинарды Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры, Басқарма мүшесі Жаннета Калимолдина ашты. «Жаһандану жағдайында қазақстандық жастардың мәдени сәйкестігін қалыптастырудағы тәрбие саясатының рөлі» атты баяндамасында ол Ұлттық құрылтайда айтылған идеялардың маңызын атап өтіп, жоғары білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысының стратегиялық рөліне тоқталды. Сонымен қатар университетте жүзеге асырылып жатқан тәрбие саясатының нақты үлгілерін келтіріп, Абайдың «толық адам» тұжырымдамасын заманауи жастар тұлғасын қалыптастырудың рухани негізі ретінде атап өтті.

«Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD Майра Тарлаубай «Қазіргі қазақстандық жастар мәдениетіндегі ұлттық құндылықтардың трансформациясы» тақырыбындағы баяндамасында жастардың ұлттық сәйкестігін сақтаудың маңызды шарты ретінде дәстүрлі мәдени құндылықтарды жүйелі әрі мақсатты түрде насихаттаудың қажеттігін атап өтті.

Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Күлзіпаш Ахметжанова «Жаһанданудың қазақ жастарына ықпалы» атты баяндамасында жаһанданудың оң қырларымен қатар ұлттық болмысты әлсіретуі мүмкін қауіп-қатерлерге де жан-жақты тоқталды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері, PhD Гүлдана Тоғабаева «Jāmi’ at-Tawārīkh (Жылнамалар жинағы) – түркі ортағасырлық жазба ескерткіші» тақырыбындағы баяндамасында қолжазба мұралардың ғылыми құндылығын, алтаистика саласындағы халықаралық зерттеулердің маңызын ашып көрсетіп, ортағасырлық түркі әлемінің рухани мұрасын қазіргі жастардың мәдени дамумен байланыстырды.

«Алтайтану» ҒЗО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Раушангүл Мүкишева «Қазіргі қазақ жастары және түркі әлемі» тақырыбындағы баяндамасында қазақ жастары мен түркі әлемі арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты талдап, түркі құндылықтарының мәдени сәйкестікті қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда және Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде айтқан бастамаларына ерекше назар аударды.

«Алтайтану» ҒЗО-ның бас ғылыми қызметкері Айгүл Жиренова «Қазақстан жастарының мәдени сәйкестігін қалыптастырудағы жаһандану үдерістерінің қауіптері мен сын-қатерлері» атты баяндамасында жаһандану жағдайында туындайтын қауіптерді жан-жақты талдап, ұлттық болмысты сақтауда қоғамның жауапкершілігін атап өтті.

Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасына қарасты Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің мұғалімдері Саят Жансейітов пен Роза Чекетаева «Жаһандану жағдайында жастардың ұлттық құндылықтарын қалыптастыру әдістері» тақырыбындағы баяндамаларында тиімді педагогикалық тәсілдерді ұсынып, мектеп тәжірибесі мен ғылыми әдістердің өзара сабақтастығын көрсетті.

Семинар бағдарламасын М.Әуезов атындағы Оңтүстік университеттің «Философия» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Мейірхан Спанов «Әл-Фарабидің мемлекет басқару ілімі және қазіргі заман» тақырыбындағы баяндамасымен қорытындылады. Баяндамада ойшылдың философиялық идеялары қазіргі қоғам тұрғысынан талданып, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі маңызы айқындалды.

Семинар қорытындысы бойынша барлық баяндамашыларға сертификаттар табысталды. Қатысушылар іс-шараның жоғары ғылыми деңгейде өткенін және оның білім беру жүйесі мен жастармен жүргізілетін тәрбие жұмысы үшін практикалық маңызға ие екенін атап өтті.