10 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ «ORHUN» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ҚЫРҒЫЗ-ТҮРІК «МАНАС» УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты А.А. Алимхан «Orhun» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 2026 жылғы 2–14 ақпан аралығында Қырғыз-Түрік «Манас» университетінің Түркология бөлімінде ғылыми-педагогикалық тәжірибе жинақтауда.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде отандық филолог-ғалым Қырғыз-Түрік «Манас» университетінің бакалавриат және магистратура білім алушыларына арналған дәрістер мен практикалық сабақтар өткізуде. Сонымен қатар, профессор-оқытушылар құрамына бағытталған ғылыми-әдістемелік семинарлар ұйымдастырып, түркология саласындағы заманауи зерттеу бағыттары мен оқыту әдістемелері бойынша тәжірибесімен бөлісуде.

Іссапар барысында түркология ғылымының өзекті мәселелері, түркі тілдерінің тарихи дамуы, салыстырмалы лингвистика, мәтінтану, тіл мен мәдениет сабақтастығы сияқты маңызды ғылыми бағыттар қамтылып, білім беру үдерісінде интерактивті және инновациялық әдістер кеңінен қолданылуда. Бұл өз кезегінде білім алушылардың ғылыми-зерттеушілік әлеуетін арттыруға және халықаралық академиялық ортада кәсіби құзыреттілігін дамытуға ықпал етуде.

Аталған тәжірибе алмасу Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Қырғыз-Түрік «Манас» университеті арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми байланыстарды кеңейтуге және түркология саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға бағытталған. Мұндай бағдарламалар оқытушылардың кәсіби дамуына ғана емес, сонымен қатар жоғары білім беру жүйесінің сапасын арттыруға және университеттердің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.