11 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МАШИНАЛЫҚ ОҚЫТУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КУРСЫНЫҢ СЕРТИФИКАТТАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Бүгін Аманжолов университетінде Алтай мемлекеттік университетінің  «Машиналық оқыту және жасанды интеллект технологиялары» атты білім беру курсын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға сертификаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Іс-шара университеттің әкімшілік корпусында орналасқан Абай залында ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, курс тыңдаушылары мен қонақтар қатысты.

Аталған курс заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы өзекті бағыттарды қамтып, қатысушыларға теориялық біліммен қатар практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында машиналық оқыту алгоритмдері, деректерді талдау, жасанды интеллект жүйелерін қолдану тәсілдері кеңінен қарастырылды.

Сертификаттарды табыстау барысында университет өкілдері курстың маңыздылығына тоқталып, бүгінгі таңда жасанды интеллект пен машиналық оқыту саласындағы білімнің еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие екенін атап өтті. Сондай-ақ Алтай мемлекеттік университетімен академиялық ынтымақтастықтың болашақта да жалғасатыны айтылды.

Іс-шара соңында қатысушылар алған білімдері мен тәжірибелері үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мұндай халықаралық деңгейдегі курстардың кәсіби дамуға үлкен үлес қосатынын жеткізді.