25 февраля 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсена Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті өкілдерінің 6В01301 – «Психология» және 6В01305 – «Клиникалық психология» білім беру бағдарламаларының үшінші және төртінші курс студенттерімен кездесуі өтті.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дамир Бегешов, сондай-ақ аталған басқарманың инспектор-полиграфологы, полиция капитаны А.У. Ермагамбетова қатысты.

Кездесу барысында түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері, ішкі істер органдарына қызметке қабылданатын кандидаттарға қойылатын талаптар, қызмет өткеру ерекшеліктері, сондай-ақ кәсіби және мансаптық өсу перспективалары жан-жақты талқыланды. Полиция департаментінің өкілдері қызмет жағдайлары, біліктілікті арттыру жүйесі, қызметкерлердің мамандандырылған даярлығы және құқық қорғау органдары құрылымында одан әрі даму мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Ішкі істер органдары жүйесіндегі психологтардың рөліне ерекше назар аударылды. Спикерлер жеке құрамды психологиялық сүйемелдеудің маңыздылығын, кәсіби іріктеу жүргізу, психодиагностикалық жұмыстарды жүзеге асыру және жоғары жауапкершілік пен күйзеліс жағдайында қызмет ететін қызметкерлерге қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау саласындағы психолог мамандығының ерекшеліктері мен кәсіби қызметтің практикалық қырлары туралы ақпарат алды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, білім алушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Мұндай іс-шаралар университет пен өңірдің тәжірибелік құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, студенттердің кәсіби бағдарын айқындауға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға ықпал етеді.