26 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҚҰТҚАРУШЫ» ӘСКЕРИ-СПОРТТЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Дүниежүзілік азаматтық қорғау күніне орай «Құтқарушы» атты әскери-спорттық іс-шара өтті. Жарыстың басты мақсаты – оқушылардың төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыру, физикалық төзімділігін арттыру және жастардың азаматтық жауапкершілік деңгейін көтеру.

Іс-шараға қаладағы жалпы білім беретін мектептер мен әскери-патриоттық бірлестіктердің командалары қатысты. Жарыс бағдарламасы азаматтық қорғау саласындағы теориялық білім мен практикалық біліктілікті, алғашқы медициналық көмек көрсету, жергілікті жерде бағдарлану және дене дайындығы нормативтерін орындау кезеңдерін қамтыды. Сынақ шарттары шынайы жағдайларға барынша жақындатылып, қатысушылардың тек спорттық дайындығын ғана емес, сонымен қатар жылдам шешім қабылдау, үйлесімді және ұйымшыл әрекет ету қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік берді.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

I орын — КММ №11 мектеп-лицейі;

II орын — КММ «№2 жалпы білім беретін мектеп»;

III орын — КММ «№18 орта мектеп».

Барлық командалар жарыс кезеңдерінен өту барысында жоғары тәртіп пен жауапкершілік танытып, лайықты нәтижелер көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, грамоталармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Мұндай іс-шараларды өткізу университет пен өңірдің білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға және өскелең ұрпақтың азаматтық қорғау мен өмір қауіпсіздігі саласындағы практикалық құзыреттерін қалыптастыруға ықпал етеді.