26 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «БИОБАТТЛ» ҒЫЛЫМИ-ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің әдістемелік онкүндігі аясында Биология кафедрасында «Биобаттл» атты ғылыми-интеллектуалдық конкурс ұйымдастырылды.

Байқаудың мақсаты – студенттердің биология саласындағы білімін тереңдету, ғылыми ойлау дағдыларын дамыту және ғылымды креативті форматта насихаттау.

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде командалар биологиялық тақырыптарды шығармашылық форматта сахналап ұсынды. Екінші кезеңде қатысушылар өздері түсірген фотосуреттерді ғылыми тұрғыда талдап, табиғи құбылыстарды кәсіби көзқараспен түсіндірді. Қорытынды интеллектуалдық кезеңде студенттерге арнайы сұрақтар қойылып, олар өз білімдерін нақты әрі жедел жауап беру арқылы дәлелдеді.

Нәтижесінде үздік командалар анықталып, жүлделі орын иегерлеріне дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Қазылар алқасы қатысушылардың жоғары дайындық деңгейі мен командалық бірлігін ерекше атап өтті.

«Биобаттл» студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық пен интеллектіні ұштастырған мазмұнды алаңға айналды.