26 февраля 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY МАҚТАНЫШЫ — ЧЕМПИОН РАМИНА ТОҚТАРБЕКОВА
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті — болашақ білікті мамандармен қатар, ел абыройын асқақтатып жүрген нағыз чемпиондарды тәрбиелеп отырған білім ордасы. Университеттің спорттық жастары арасындағы жарқын тұлғалардың бірі — «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Рамина Тоқтарбекова.
Рамина бала кезінен бастап каратэ спортымен тығыз байланысты. Осыдан 11 жылдан астам уақыт бұрын ол «OKAMI» каратэ мектебіне қабылдау туралы хабарландыруды көріп, өз күшін сынап көруге шешім қабылдайды. Бұл таңдау оның өміріндегі шешуші қадамға айналды — каратэ Рамина үшін жай ғана әуестік емес, өмірлік мақсатқа айналды.
Ұзақ жылдар бойғы табанды жаттығулар мен өзіне деген жоғары талаптың нәтижесінде Рамина айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ол қалалық және облыстық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасы чемпионатының екі дүркін чемпионы және екі дүркін жүлдегері, сондай-ақ халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанды. Спортшыға «Спорт шеберіне кандидат» атағы берілген. Сонымен қатар, ол «КАБИ» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Жыл спортшысы» номинациясының лауреаты.
Қазіргі таңда Рамина Қазақстан Республикасының сокиокушинкай каратэ бойынша ұлттық құрамасының мүшесі. Ол алдағы беделді халықаралық жарыстарға қарқынды дайындық үстінде: «DUBAI OPEN All World Cup» (2026 жылғы маусым), Еуропа чемпионаты (2026 жылғы қазан, Нидерланд) және Әлем чемпионаты (2027 жылғы қазан, Жапония).
Маңызды жарыстарға дайындық аясында спортшы Алматы қаласында өткен сокиокушинкай каратэ бойынша Қазақстанның ашық аймақтық «Қабанбай батыр» турниріне қатысты. Аталған жарыста Рамина жоғары шеберлік деңгейін, мықты рух пен тамаша физикалық дайындықты көрсетіп, 18 жастан жоғары қыздар арасында (-50 кг) салмақ дәрежесінде I орынды иеленіп, турнир чемпионы атанды.
Рамина Тоқтарбекованың жетістікке толы жолы — табандылықтың, тәртіптің және өз ісіне адалдықтың жарқын үлгісі. Университеттегі оқуын кәсіби спортпен шебер үйлестіре отырып, ол жаңа белестерді бағындыру жолында нық қадам жасап келеді. Оның жеңістері тек Amanzholov University ғана емес, бүкіл Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы мерейін үстем етуде.
