27 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ САБАҚТАР ӘДІСТЕМЕЛІК ГАЛЕРЕЯСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында жасанды интеллектті қолдану арқылы сабақтар әдістемелік галереясы өтті.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының 150 педагогі қатысты. Олардың қатарында пән мұғалімдері, «Жасанды интеллектті қолдану арқылы үздік сабақ» байқауының жеңімпаздары, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, сондай-ақ университеттің педагогикалық мамандықтарында білім алып жатқан оқытушылар мен студенттер болды.

Қатысушыларға арнап басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ровнякова Ирина Владимировна құттықтау сөз сөйледі. Ол білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңыздылығын және педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамытудың өзектілігін атап өтті.

Әдістемелік галереяның негізгі мақсаты – білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану бойынша озық педагогикалық тәжірибелерді таратуға арналған әдістемелік алаң құру.

Іс-шара жұмысы 7 тақырыптық галерея форматында ұйымдастырылды. Әр галереяда 2–3 спикерден сөз сөйлеп, әртүрлі пәндер бойынша сабақтарда жасанды интеллект құралдарын қолданудың практикалық үлгілерін көрсетті. Қатысушылар авторлық әзірлемелерін ұсынып, оқыту сапасын арттыруға, оқушылардың сыни ойлауын және метапәндік құзыреттерін дамытуға бағытталған нақты кейстермен бөлісті.

Іс-шараның практикалық бағыттағы форматы педагогтерге тәжірибе алмасуға, инновациялық оқыту әдістерін енгізу мүмкіндіктерін талқылауға және алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын айқындауға мүмкіндік берді.

Іс-шараны Dana bala үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасына қарасты Örken аймақтық ғылыми-әдістемелік орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Өткізілген әдістемелік галерея өңірдің педагогикалық қауымдастығын дамытуға, сондай-ақ білім беру ортасында жасанды интеллект технологияларын қолдану тәжірибесін нығайтуға бағытталған маңызды кәсіби алаңға айналды.