3 марта 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ЖАҢА ӘДІСТЕМЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында «Теориядан практикаға: ерекше балалармен жұмыс істеудің жаңа әдістемелері» тақырыбында ғылыми-практикалық алаң өтті. Іс-шара аясында балалардың дарындылығын дамыту мәселелері, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың қабілетін қолдау және жетілдіру бағыттары кеңінен талқыланды.
Ғылыми-практикалық алаң жұмысына «Dana bala» Үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының қызметкерлері, Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен магистранттары қатысты.
Стейкхолдерлер қатарында ШҚО Білім басқармасына қарасты «Ақ ниет» мектеп-интернатының директоры Светлана Кривицкая және ШҚО ББ ОПМПК басшысы Рауан Байчинов болды. Олар дарынды балаларды қолдау мен сүйемелдеудің заманауи әдістемелерімен, практикалық құралдарымен және тиімді тәсілдерімен танысты.
Ерекше балаларды қолдау мен сүйемелдеудің әдістемелік және технологиялық құралдарына, соның ішінде диагностикалық, түзету және дамыту жұмыстарында жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануға ерекше назар аударылды.
Іс-шараға университет ректоры Мұхтар Төлеген белсенді қатысып, балалармен өткен практикалық сабақтарға жеке өзі араласты. Бұл инклюзивті және үздіксіз білім беру бастамаларына жоғары қолдау білдіргенінің айқын көрінісі болды. Ғылыми-практикалық алаң қорытындысын Басқарма төрағасының орынбасары – СДжХҚ жөніндегі проректор Ирина Ровнякова шығарды.
Балалармен практикалық жұмыс барысында «Чипик» робот-иті қолданылып, ол балаларға сұрақтар қойып, көңілді сергіту сәтін ұйымдастырды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың қызығушылығын арттырып, белсенді атмосфера қалыптастырды.
Кездесу барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған технологиялық құралдар мен әдістемелер таныстырылды. Олар «ЕБҚ бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау және әдістемелік-технологиялық сүйемелдеу құзыреттілік орталығы» коммерцияландыру жобасы аясында әзірленген (жоба жетекшісі — Досым Ерболатұлы).
Аталған іс-шара университет пен білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берген тиімді алаң болды.








