3 марта 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПЕДАГОГ-АССИСТЕНТТЕРГЕ СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Бүгін «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы Dana bala Шығыс Қазақстан кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығымен бірлесіп, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында біліктілікті арттыру курсы тыңдаушыларына сертификаттарды табыстаудың салтанатты рәсімін өткізді.
Іс-шара аясында «Жалпы білім беретін мектеп жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу бойынша педагог-ассистенттің кәсіби құзыреттерін дамыту» атты білім беру бағдарламасын аяқтаған мамандарға сертификаттар тапсырылды. 72 академиялық сағат көлеміндегі курс инклюзивті білім берудің заманауи талаптарына сәйкес әзірленіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген.
Бағдарлама мазмұны педагог-ассистенттердің кәсіби даярлығын кешенді түрде арттыруға бағытталды. Оқу барысында тыңдаушылар педагог-ассистент қызметінің нормативтік-құқықтық негіздерін меңгеріп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тиімді сүйемелдеу әдістерін игерді. Сонымен қатар мұғалімдермен, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мамандарымен және ата-аналармен өзара әрекеттесу технологиялары қарастырылды.
Курс аясында білім беру ортасын бейімдеудің практикалық құралдары, оқушылардың коммуникативтік, мінез-құлықтық және академиялық дағдыларын дамыту тәсілдері кеңінен талқыланып, тәжірибелік тапсырмалар арқылы бекітілді. Оқыту үдерісі нақты мектеп тәжірибесіне негізделіп, жалпы білім беретін ұйымдардың өзекті сұраныстарына сай құрылды.
Нәтижесінде 25 тыңдаушы бағдарламаны сәтті аяқтап, белгіленген үлгідегі сертификаттарға ие болды. Бұл – инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға қосылған нақты үлес әрі педагог-ассистенттердің кәсіби әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам.
Ұйымдастырушылар түлектерді курсты табысты аяқтауымен құттықтап, алдағы қызметтеріне кәсіби табыс, сенімділік және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сапалы сүйемелдеу ісінде жоғары жетістіктер тіледі.




