12 марта 2026


ТЕОРИЯДАН ТӘЖІРИБЕГЕ: ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА – КӘСІБИ ШЕБЕРЛІККЕ БАСТАЙТЫН БАСПАЛДАҚ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» және 6В01704 – «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламаларының 3-курс студенттерінің қала мектептерінде өткен педагогикалық практикасының қорытынды конференциясы өтті.

Бұл шара болашақ мұғалімдер үшін кәсіби қалыптасу жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Педагогикалық практика барысында студенттер университет қабырғасында алған теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алып, ұстаздық мамандықтың жауапкершілігі мен қоғамдағы маңызын терең сезінді.

Конференция жұмысына Өскемен қаласындағы бірқатар білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, №12 мектеп-гимназиясының мұғалімі С.А. Деменова, №35 орта мектептен А.Қ. Шәріпжанова, №46 орта мектептен Г.М. Ибраимова, Зәки Ахметов атындағы №16 орта мектептен Д.М. Бухпенова, сондай-ақ ДБА Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназиясынан Ж.З. Әлдебаева мен М.К. Мукашева практика жетекшілері ретінде тәжірибе нәтижелерімен бөлісті.

Кездесу барысында студенттердің педагогикалық практика кезіндегі жетістіктері талқыланып, олардың кәсіби дамуына қатысты ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Тәжірибелі ұстаздар әрбір педагогикалық практика – болашақ мұғалім үшін кәсіби шеберлікті қалыптастыратын маңызды қадам әрі үлкен өмір жолына бастайтын сенімді баспалдақ екенін атап өтті.

Қорытынды конференция студенттерге өз тәжірибелерін саралап, алған білімдері мен дағдыларын жүйелеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл кездесу болашақ педагогтердің кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға ықпал етті.