12 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ ӨКІЛДЕРІМЕН ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін Бизнес және құқық жоғары мектебінің әдістемелік декадасы аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Экономикалық тергеу органдарындағы қызмет: кәсіби талаптар және мамандарды даярлаудағы микробіліктіліктердің рөлі» тақырыбында практикалық семинар өтті. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері қатысты.

Қонақтар қатарында ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Жанар Тайгаранова, әкімшілік басқарма басшысы Райхан Рахматуллина, жедел уәкіл, анықтаушы-психолог, полиграфолог Алина Самархан, сондай-ақ аса маңызды істер бойынша тергеушілер Азамат Жуманов пен Жандос Музтауов болды.

Кездесу барысында Жанар Тайгаранова студенттерге экономикалық тергеу органдарына қызметке қабылданудың ерекшеліктері, үміткерлерге қойылатын талаптар, кадрларды іріктеу кезеңдері және ведомство қызметкерлерінің кәсіби қызметінің ерекшеліктері туралы кеңінен айтып берді.

Семинарда «Экономикалық қылмыстарды тергеу әдістемесі» атты микробіліктілік бағдарламасына ерекше назар аударылды. Бұл бағдарлама студенттердің сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге қажетті кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған. Бағдарлама аясында білім алушылар экономикалық қылмыстарды саралау, процессуалдық құжаттарды әзірлеу, тергеу әрекеттерін жүргізу, ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу, сондай-ақ қолданыстағы заңнама, сот-тергеу тәжірибесі және заманауи талдау құралдарын ескере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді анықтау, іздестіру және тәркілеуді қамтамасыз ету әдістерін меңгереді.

Оқу барысында студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, кейстік тапсырмалар негізінде практикалық дағдыларын жетілдіреді. Олар тергеу әрекеттерін модельдеуге қатысып, нақты істердің материалдарын талдайды, сондай-ақ берілген сценарий бойынша қылмыстық істің макетін әзірлеп, оны сарапшылар комиссиясы алдында қорғайды.

Сонымен қатар департамент өкілдері студенттерге Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиаданың басталғаны туралы ақпарат берді. Олимпиадаға «Экономика және басқару», «Қаржы», «Құқықтану», «IT», сондай-ақ «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламаларының 2–4 курс студенттері қатыса алады.

Аталған олимпиада студенттерге қаржылық қауіпсіздік және экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласындағы білімдерін көрсетуге, сондай-ақ болашақ кәсіби қызметіне қажетті талдамалық және кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, экономикалық қауіпсіздік саласындағы кәсіби даму мүмкіндіктерін талқылады. Практикалық семинар мазмұнды әрі конструктивті форматта өтіп, студенттерге тәжірибелі мамандардан құнды ұсыныстар алуға мүмкіндік берді.

Осындай кездесулер университет пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, студенттердің кәсіби бағдарын арттыруға және болашақ мамандардың табысты еңбек етуі үшін қажетті құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді.