16 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ НАУРЫЗНАМА ОНКҮНДІГІ АЯСЫНДА «ҚҰДАЛЫҚ» САЛТ-ДӘСТҮРІ САХНАЛАНДЫ

Наурызнама онкүндігі аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде қазақ халқының бай мәдени мұрасын танытатын «Құдалық» салт-дәстүріне арналған сахналық көрініс ұйымдастырылды. Шараны Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық дәстүрлердің мәні мен маңызын жас ұрпаққа таныту, халықтық әдет-ғұрыптарды дәріптеу және олардың тәрбиелік әрі танымдық қырларын кеңінен насихаттау.

Сахналық көрініс барысында қазақтың құдалық рәсімінің негізгі кезеңдері әсерлі түрде көрсетілді. Атап айтқанда, құда түсу, құдаларды қарсы алу, жөн-жоралғылар мен сый-сияпат алмасу дәстүрлері сахнада шынайы әрі мазмұнды бейнеленді.

Шараға қатысушылар қазақ халқының отбасы құндылықтарына негізделген салттарының терең мағынасына назар аударды. Көріністе ұлттық киімдер, дәстүрлі сөз үлгілері мен әдет-ғұрыптық рәсімдер кеңінен қолданылып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Мұндай тағылымды іс-шаралар ұлттық мәдениетті дәріптеп қана қоймай, жастардың салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.