17 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ОТБАСЫММЕН МАҚТАНАМЫН» ФОТОКӨРМЕСІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған Digital Nauryz 2026 онкүндігі аясында 17 наурыз — Шаңырақ күніне орай «Отбасыммен мақтанамын» атты фотокөрме өтті.

Іс-шараны Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаменті мен «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Көрменің негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу және ұлттық дәстүрлерді сақтау.

Салтанатты ашылу рәсімі дәстүрлі бата берумен басталып, шараның рухани маңызын арттырды. Бағдарлама аясында «Ата толғауы» биі, «Шаңырақ шуағы» атты өлең, сондай-ақ ата-аналарға арналған «Әке-Ана» әні орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Іс-шараның негізгі бөлігі – фотокөрме болды. Онда университеттің әртүрлі құрылымдық бөлімдерінің қызметкерлерінің отбасылық фотосуреттері ұсынылды. Әрбір туындыда шынайы сезім, сүйіспеншілік, өзара түсіністік пен ұрпақтар сабақтастығы көрініс тапты.

Сонымен қатар, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттауға бағытталған танымдық викторина ұйымдастырылып, шараның мазмұнын байытып, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар оның маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, қазіргі қоғамда отбасы құндылықтарын сақтаудың аса маңызды екенін жеткізді. Қонақтар көрмемен танысып, естелік суреттерге түсті.

«Отбасыммен мақтанамын» фотокөрмесі – отбасының қоғамдағы орны мен маңызын айшықтайтын, мазмұнды әрі әсерлі шара ретінде есте қалды.