17 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДА АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУ ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Әдістемелік апта аясында Бизнес және құқық жоғары мектебінің «Құқықтану» кафедрасы «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жағдайында азаматтық құқықтарды жүзеге асыру және қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасын азаматтық құқықтарды іске асыру және қорғау тұрғысынан жан-жақты талдау, сондай-ақ оларды қамтамасыз етудің өзекті құқықтық тетіктерін талқылау болды.

Дөңгелек үстел жұмысына Шығыс Қазақстан облысының судьялары, тәжірибелі заңгерлер мен адвокаттар, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысты. Бұл теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыра отырып, кәсіби диалог алаңын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шараның модераторы, «Құқықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық медиаторлар палатасының өкілдігі директоры Марианна Дячук құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі құқықтық реформалар жағдайында аталған тақырыптың маңыздылығын және қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру қажеттігін атап өтті.

Баяндамалармен құқық саласының жетекші мамандары сөз сөйледі: Өскемен қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жанар Шәкенова, ШҚО адвокаттар алқасының адвокаты Сергей Шигрин, ШҚО заң кеңесшілері палатасының жетекшісі Алтынова Аринова, «Құқықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айнұр Рамазанова, ШҚО бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аксана Каленова, сондай-ақ «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Анастасия Габриелян.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне, сот жүйесі мен құқықтық институттардың әділеттілік пен заңдылықты қамтамасыз етудегі рөліне ерекше назар аударды. Сонымен қатар құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары ұсынылды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушыларға пікір алмасуға, сұрақтар қоюға және тәжірибелік ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.

Осындай кездесулер студенттердің құқықтық үдерістерді терең түсінуіне, аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға және болашақ заңгерлердің кәсіби құзыреттерін нығайтуға ықпал етеді.