19 марта 2026


УНИВЕРСИТЕТТЕ РЕКТОР АТЫНАН АУЫЗАШАР ДАСТАРХАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қасиетті Рамазан айында университет ректоры Мұхтар Әділбекұлының атынан ауызашар дастарханы ұйымдастырылып, оған оқытушылар, қызметкерлер, студенттер және қадірлі қонақтар қатысты.

Игі шараның басты мақсаты – Ораза айының рухани құндылықтарын насихаттау, ұжым арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайту болды. Ауызашар кеші жылы әрі тағылымды атмосферада өтті. Жиналған қауым ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ізгі ниеттерін білдірді.

Ауызашар дастарханы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кеш шымылдығы қазақтың дәстүрлі жарапазан жырымен ашылды. Сонымен қатар, Бақытжан Сайлау орындаған терме көрерменге терең ой салып, рухани әсер сыйлады.

Күй өнері де кештің сәнін келтірді. Ринатұлы Аслан мен Демократ Айгерім орындаған «Адай» және «Әлқисса» күйлері ұлттық өнердің асыл мұрасын дәріптеді.

Ән кеші халық әндерімен өрбіді. Дильназ Әбутова «Молдабайдың әнін», «Айтұмар» тобы «Саған халқым ай» әнін, Сайлаубек Нұрлы «Әгугай» әнін орындаса, Бақытжан Күнсәуле «Гауһартас» әнімен кешті көркемдей түсті.

Кеш аясында университет өміріне белсене қатысып, қоғамдық жұмыстарда ерекшеленген бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды.

Ауызашар соңы ақжарма тілектермен қорытындыланып, жиналған қауым бір-біріне ізгі ниеттерін білдірді. Мұндай тағылымды шаралар ұжымдағы рухани байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қосатыны сөзсіз.