25 марта 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «КӨРКЕМ ЕҢБЕК» ПӘНІН ОҚЫТУ БОЙЫНША БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ ӨТТІ
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген бағдарлама негізінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығында 2026 жылдың наурыз айында мектеп мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Курс «Көркем еңбек» пәнін оқытуда инновациялық технологиялар мен заманауи әдістемелерді қолдану тақырыбына арналды.
Аталған білім беру бағдарламасының басты мақсаты педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, «Көркем еңбек» пәнін оқытуда жаңа технологиялар мен тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана білу дағдыларын қалыптастыру болды. Оқу кезінде тыңдаушылар пәнді оқытудың заманауи әдістемесінің теориялық негіздерін меңгеріп, білім беру үдерісін реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттармен танысты.
Сонымен қатар курс аясында мұғалімдер интерактивті тақта, виртуалды шындық, 3D-принтер сияқты заманауи құралдардың мүмкіндіктерін зерделеп, оларды сабақта тиімді пайдалану жолдарын үйренді. Тыңдаушылар инновациялық технологияларды оқу үдерісіне енгізу, пән бойынша заманауи сабақтар мен жобалар әзірлеу және оларды тәжірибеде қолдану бағытында нақты дағдыларға ие болды.
Бағдарлама шеңберінде қатысушылар компьютерлік бағдарламалармен және онлайн ресурстармен жұмыс істеу білігін жетілдіріп, оқытудағы жаңа тәсілдердің тиімділігін талдау және бағалау әдістерін меңгерді. Бұл «Көркем еңбек» пәнін оқытудың сапасын арттыруға және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.
Курсты Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ташкенбаева Салтанат Жұмажановна жүргізді.
Айта кету керек, мұндай біліктілікті арттыру курстары педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім беру мазмұнын жаңғыртуға және заманауи талаптарға сай оқыту тәжірибесін қалыптастыруға ықпал етті.