27 марта 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ КОМИТЕТТЕРІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Директорлар кеңесі комитеттерінің отырысы өтіп, оның аясында Қоғам қызметінің негізгі мәселелері қарастырылды.

Аудит комитетінің отырысында 2025 жылға арналған жылдық қаржылық есептілік алдын ала қаралды. Қатысушылар таза табысты бөлу бойынша ұсыныстарды талқылап, оларды кейін Жалғыз акционердің бекітуіне ұсыну туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, ішкі аудит қызметі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің есептері тыңдалды.

Кадрлар және сыйақылар жөніндегі комитет персоналды басқару және басшылық жұмысының тиімділігіне қатысты мәселелерді қарастырды. Атап айтқанда, басқарма мүшелерінің KPI көрсеткіштері карталары, сондай-ақ Қоғамның штаттық саны талқыланып, әрі қарай бекітуге ұсынылды.

Стратегиялық жоспарлау комитетінің отырысында Директорлар кеңесінің 2025 жылдағы қызметі туралы есеп ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушылар университеттің жылжымайтын мүлкін мүліктік жалға беру, оның ішінде жалға алу және қосалқы жалға беру қағидаларын талқылады.

Өткізілген отырыстар Қоғамның қаржылық, кадрлық және стратегиялық саясатының маңызды аспектілерін жан-жақты қарастыруға, сондай-ақ алдағы басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.