9 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ 11-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ МАТЕМАТИКА ОЛИМПИАДАСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Өскемен қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының 11-сынып оқушылары арасында облыстық математика олимпиадасы ұйымдастырылды.

Олимпиада дарынды, білімге құштар және математикаға қызығушылығы бар оқушыларды біріктіріп, олардың терең теориялық білімін, логикалық ойлау қабілетін және күрделі есептерді шешу дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді.

Аталған шараға 70-тен астам оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі есептер мен логикалық тапсырмаларды орындап, өз білім деңгейін паш етті.

Жеңімпаздар: Гран-при-Арғынбек Айзат Айдосұлы; I орын: Мұхаметханов Рустам Медетұлы; II орын: Казкен Анеля Бағланқызы, Толеухан Ақерке Алмасқызы; III орын: Кәсенов Нұрәлі, Жігербекұлы Сәли, Мәуліт Ғибырат, Газым Мансур Бахтиярұлы, Беріков Біржан Бауыржанұлы

Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дәрежедегі дипломдармен марапатталды. Гран-при иегері университеттің 4 жылдық білім беру грантына ие болады. Егер Гран-при иегері мемлекеттік білім беру грантына түссе, университет гранты I дәрежелі диплом иегеріне беріледі.

Сонымен қатар, «2025 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері Мадияров Мұратқан Набенович демеуші ретінде қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етті.

Олимпиада дарынды жастарды анықтау, олардың зияткерлік әлеуетін дамыту және математика пәніне деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды алаң болды.