10 апреля 2026
СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ БЕЙЖІҢДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің делегациясы Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында өткен 31 China International Education Exhibition Tour (CIEET 2026) халықаралық білім беру көрмесіне қатысты.
Аталған іс-шара халықаралық білім беру кеңістігіндегі жетекші алаңдардың бірі болып табылады және шетелдік студенттерді тарту, академиялық ұтқырлықты дамыту, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті кеңейтуге бағытталған.
Сапар аясында университет делегациясы Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен және білім беру ұйымдарымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Цинхуа университетімен (Tsinghua University) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Пекин университетімен (Peking University) және Пекин шетел тілдері университетімен (Beijing Foreign Studies University) академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Бағдарлама шеңберінде делегация Пекин пошталар және телекоммуникациялар университетіне (Beijing University of Posts and Telecommunications) ресми сапар жасап, сондай-ақ Шаньдун сыртқы сауда кәсіби колледжімен (Shandong Foreign Trade Vocational College) жұмыс кездесулерін өткізді. Кездесулер барысында бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, академиялық алмасу, ғылыми зерттеулер жүргізу және қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту бағыттары қарастырылды.
Көрме аясында университеттің білім беру бағдарламалары халықаралық аудиторияға ұсынылып, шетелдік талапкерлерді тарту, университеттің халықаралық имиджін арттыру және жаһандық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді.
Сапар қорытындысы бойынша халықаралық серіктестікті кеңейтуге, шетелдік білім алушылар санын арттыруға және бірлескен білім беру жобаларын іске асыруға бағытталған нақты келісімдерге қол жеткізілді.









