29 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ ЖЕҢІМПАЗ СТУДЕНТТЕРДІ МАРАПАТТАДЫ

Бүгін университетімізде Түркістан төрінде өткен XVIІІ Республикалық пәндік олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен білімгерлерді арнайы қабылдап, жеңістерімен құттықтап, алғыс хаттар табыстадым.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен республикалық білім додасында 19 команданың ішінен оза шапқан біздің студенттеріміз І орын иеленіп, Amanzholov University абыройын асқақтатты. Команда құрамында Анель Акылбекова, Аружан Кумарбекова мен Қуанқан Бекболат белсенділігімен ерекшеленіп, лайықты нәтиже көрсетті.

Бұл — тек жеке жеңіс емес, университеттің сапалы білім беру жүйесінің, студенттердің табанды ізденісінің және оқытушылар еңбегінің жемісі. Осындай дарынды жастарымыздың жетістігі әрдайым ерекше қолдауға лайық. Кездесу барысында студенттерге ризашылығымды білдіріп, алдағы ғылыми және кәсіби жолдарында жаңа биіктер бағындыруларына тілек білдірдім.

Сонымен қатар, жеңімпаздарды дайындауға үлес қосқан Биология кафедрасының ұжымына алғыс айтып, мұндай жетістіктердің университеттің зияткерлік әлеуетін айқындай түсетінін атап өттім.