29 сәуір 2026


ҚАНИПА БІТІБАЕВА АТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

27–30 сәуірі аралығында Өскемен қаласында қазақ тілі мен әдебиетінен Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада жоғары деңгейде өтіп, өз мәресіне жетті. Ауқымды білім бәйгесі Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы (бұдан әрі – РҒПО) мен Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылды.

Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты базасында өткен олимпиадаға еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам 9–11 сынып оқушылары қатысып, өзара білімдері мен біліктіліктерін сарапқа салды.

Олимпиада екі кезең бойынша өткізілді: жазбаша (эссе) және ауызша тур. Қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша терең білімдерін көрсетіп қана қоймай, Қанипа Бітібаеваның ғылыми-педагогикалық мұрасын жан-жақты меңгергендерін дәлелдеді. Байқау барысында оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеті, тілдік сауаттылығы және ұлттық құндылықтарға деген құрметі айқын көрінді.

Қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен және РҒПО грамоталарымен марапатталды.

Сонымен қатар, олимпиада аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті білім гранттары табысталды. Атап айтқанда, Мырзабек Айназ және Айдынқызы Ұлпан 4 жылдық білім беру грантының иегерлері атанды.

Жеңімпаздарға арнайы сертификаттар табысталып, бұл олардың жоғары дайындық деңгейі мен білімге деген ұмтылысының айқын дәлелі болды.