4 мамыр 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ЖАС ҰЛАН» ПАТРИОТТЫҚ ОЙЫНЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қабанбай батыр атындағы әскери кафедрасы базасында облыстық «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойыны өтті. Аталған шараға қалалық және аудандық кезеңдердің үздік қатысушылары жиналды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, әскери-қолданбалы дағдыларды дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Жарысқа 80-нен астам оқушы қатысып, өздерінің жоғары дайындық деңгейін, тәртіптілігін және командалық рухын көрсетті.
Ойын бағдарламасы физикалық төзімділікті, саптық дайындықты және зияткерлік қабілеттерді тексеруге бағытталған түрлі кезеңдерден тұрды. Қатысушылар саптық байқау мен ән орындаудан, күштік жаттығулардан өтті, атыс дайындығы кезеңдерін орындады, тарихи-іздестіру бағытындағы ғылыми жобаларын қорғады, сондай-ақ әскери кросстан өтті.
Командалардың өнерін университеттің әскери кафедрасы мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің өкілдерінен құралған білікті қазылар алқасы бағалады.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
1-орын — «Сұңқар» командасы (Риддер өңірі);
2-орын — «Сұңқар» командасы (Алтай ауданы);
3-орын — «Айбын» командасы (Ұлан ауданы).
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, дипломдармен және медальдармен марапатталды, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Бірінші орын алған команда «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойынының республикалық кезеңінде Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайды.
Осындай іс-шаралардың университет базасында өткізілуі оның жастарға патриоттық тәрбие берудегі маңызды рөлін және өңірдегі білім беру мен әскери құрылымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтудағы үлесін айқындайды.







