15 мамыр 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ASIA ZANGERI 2026 БАЙҚАУЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ

15 мамыр күні Астана қаласында өткен республикалық Asia Zangeri 2026 байқауының финалында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті командасы үздік нәтиже көрсетіп, ІІІ орынға ие болды.

Университет намысын заңгерлік білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Арина Касенова мен Дарья Битюцкая қорғады. Команданы конкурсқа және ауызша сот отырыстарына дайындауға студент Александра Осипова да белсенді атсалысты.

Команданың жетекшісі – құқықтану кафедрасының оқытушысы Марьянна Ивановна Дячук. Ол қатысушыларға байқаудың барлық кезеңінде қолдау көрсетіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, құқықтық ұстанымдарды қалыптастыруға бағыт-бағдар берді.

Финалдық кезең Астана қаласында модельдік сот процесі форматында өтті. Қатысушылар күрделі салықтық-әкімшілік дауға байланысты тараптардың құқықтық позицияларын Жоғарғы Сот, Конституциялық Сот және кассациялық инстанция өкілдерінен құралған қазылар алқасының алдында қорғады.

Байқау қорытындысы бойынша Аманжолов университетінің командасы 96 команданың ішінен үздік үштікке еніп, орыс тіліндегі сот ісін жүргізу бағыты бойынша құрметті ІІІ орынды иеленді.

Бұл жетістік – студенттердің терең білімі мен кәсіби дайындығының, сондай-ақ оқытушылардың сапалы тәлімінің айқын нәтижесі.