16 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ «ҮМІТ» БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ БІЛІМ ГРАНТТАРЫН ТАБЫСТАДЫ

Ұлан ауданындағы Төменгі Тайынты су қоймасының жағалауында орналасқан «Царская долина – 2026» балаларды сауықтыру орталығында жазғы демалыс маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов пен Аманжолов университетінің ректоры Мұхтар Төлеген қатысты.

Жыл сайын өңір оқушыларының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған орталықта балаларға арналған жазғы маусымның басталуына орай мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Ашылу салтанаты барысында балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз ету, өскелең ұрпаққа қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында Аманжолов университеті өзінің әлеуметтік жауапкершілік пен жастарды қолдау бағытындағы дәстүрін жалғастырып, «Үміт» балалар үйінің үш түлегіне білім гранттарын табыстады. Грант иегерлері Александр Ананьев, Диана Орузбаева және Карина Чинпулатова университетте төрт жыл бойы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Болашақ студенттер өздерінің білімге деген құштарлығымен, табандылығымен және оқу жетістіктерімен ерекшеленіп, осы қолдауға лайық екендіктерін дәлелдеді. Университет тарапынан көрсетілген бұл қолдау олардың жоғары білім алып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жаңа мүмкіндік береді.

Аманжолов университеті жастардың сапалы білім алуына жағдай жасап, олардың әлеуетін дамытуға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Білім ордасы дарынды әрі мақсатшыл жастарды қолдау арқылы қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосуды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады.