30 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНДЕ ТҮЛЕКТЕРГЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жоғары колледжінде 2026 жылғы түлектерге диплом табыстау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл – бірнеше жылдық білім мен еңбектің нәтижесін қорытындылап, жас мамандардың үлкен өмірге қадам басуын айшықтайтын маңызды мереке.

Биыл Жоғары колледжді 324 түлек тәмамдап, диплом иегері атанды. Оның ішінде 58 студент оқуын үздік аяқтап, қызыл дипломға қол жеткізді. Бұл – олардың жоғары академиялық дайындығының, табандылығы мен кәсіби дамуға деген ұмтылысының айқын көрсеткіші.

Жоғары колледж түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысы да жоғары деңгейде. 2026 жылғы бітірушілердің 94,8 пайызы оқуын аяқтамай тұрып немесе диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш колледжде берілетін білімнің сапасын, тәжірибеге бағытталған оқыту жүйесінің тиімділігін және жұмыс берушілердің жас мамандарға деген сенімін дәлелдейді.

Биылғы түлектер білім алумен қатар университеттің қоғамдық өміріне де белсенді қатысып, түрлі мәдени, ғылыми және әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына өз үлестерін қосты. Олар оқу орнының абыройын республикалық және өңірлік деңгейдегі байқаулар мен іс-шараларда лайықты қорғап, университеттің оң имиджін қалыптастыруға атсалысты.

Салтанатты рәсім барысында түлектерге ақжарма тілектер айтылып, олардың алдағы кәсіби жолында табысқа жететініне сенім білдірілді. Университет басшылығы жас мамандардың алған білімдерін ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, өз саласының білікті маманы ретінде биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

Жоғары колледж түлектері үшін бұл күн – жаңа өмірдің бастауы. Ал алған диплом – олардың кәсіби болашағына жол ашатын маңызды құжат. Amanzholov University өз түлектерінің әрқайсысының жетістігін мақтан тұтады және олардың алдағы еңбек жолына сәттілік, толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейді.