14 шілде 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚАБЫЛДАУ КОМИССИЯСЫ СЕМЕЙ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Семей қаласында Amanzholov University қабылдау комиссиясының ақпараттық-насихат жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Бүгінде талапкерлер мен олардың ата-аналарына кеңес беру жұмыстары №7 мектеп-лицейі базасында ұйымдастырылып жатыр.

Сонымен қатар университет өкілдері қала алаңы мен «Океан» шағын ауданында болып, тұрғындарға жоғары оқу орнына түсу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Кездесу барысында Бизнес және құқық жоғары мектебінің білім беру бағдарламалары, сондай-ақ «Орман шаруашылығы, аңшылықтану және омарташылық» және «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламалары таныстырылды.

Қабылдау комиссиясының мамандары талапкерлерге грантқа түсу шарттары, құжат қабылдау тәртібі, білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері мен болашақтағы мансаптық мүмкіндіктер жөнінде кеңес берді.

Amanzholov University талапкерлерді қабылдау комиссиясында күтіп, сапалы білім мен жарқын болашаққа бастар жолды бірге таңдауға шақырады.