11 шілде 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ӨКІЛДЕРІ ALTAI FEST ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің мамандары өңірде өткен ALTAI FEST фестиваліне қатысып, ғылым, технология және ұлттық мәдениетті тоғыстырған көрме алаңымен таныстырды.

ALTAI FEST – ғылым, инновация, шығармашылық және ұлттық құндылықтарды бір арнаға тоғыстыратын өңірлік фестиваль. Іс-шара аясында келушілерге заманауи технологиялар, инженерлік әзірлемелер, роботтандырылған жүйелер, сондай-ақ ұлттық мәдениетті дәріптейтін көрме экспозициялары ұсынылды.

Фестиваль барысында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жасанды интеллект және цифрландыру департаменті жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін робот-итті көпшілік назарына ұсынып, оның функционалдық мүмкіндіктерін таныстырды. Робот-иттің интеллектуалды басқару жүйесі, қозғалыс алгоритмдері мен заманауи технологиялық шешімдері келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар алаңда ұлттық нақыштағы киіз үй, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен дәстүрлі қолөнер туындылары ұсынылып, ғылым мен инновацияның ұлттық құндылықтармен сабақтастығы көрініс тапты.

Мұндай іс-шаралар ғылым, білім және инновация саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жастардың жаңа технологияларға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу арқылы өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетін дамытуға өз үлесін қосып келеді.