29 тамыз 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

AMANZHOLOV UNIVERSITY-де 2026–2027 оқу жылын ұйымдастыруға қатысты жұмыс жиналысы өтті.

Жиын барысында жаңа оқу жылына дайындық барысы, бірінші курс студенттеріне арналған бейімдеу апталығын өткізу жоспары, білім беру бағдарламасына қатысты мәселе және 2026 жылғы студенттер контингентін қалыптастырудың алдын ала нәтижелері қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Басқарма төрағасы-ректордың уақытша міндетін атқарушы Ровнякова Ирина Владимировна ақпарат берді. Жаңа оқу жылын ұйымдастыру, оқу процесін жүйелі бастау және университеттің құрылымдық бөлімшелерінің дайындық жұмыстары талқыланды.

Сонымен қатар бірінші курс студенттерінің университеттік ортаға бейімделуіне бағытталған бейімдеу апталығын өткізу жоспары қарастырылды. Бұл мәселе бойынша Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Домалатов Ержан Багданович ақпарат ұсынды.

Бейімдеу апталығы барысында бірінші курс студенттерін университеттің академиялық ортасымен таныстыру, оқу процесінің ерекшеліктерін түсіндіру және жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар ұйымдастырылады.

Жиында сондай-ақ «7М01402 Кәсіптік оқыту, көркем еңбек және графика» білім беру бағдарламасының ЖББП білім беру бағдарламаларының тізіліміндегі білім беру бағдарламаларының тобын өзгерту мәселесі қаралды. Аталған мәселе бойынша да Ержан Багданович Домалатов ақпарат берді.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – 2026 жылғы студенттер контингентін қалыптастырудың алдын ала нәтижелері. Бұл бағыт бойынша қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Байжуманова Лейла Толеубаевна ақпарат ұсынды.

Жалпы, жиналыста жаңа оқу жылын сапалы әрі жүйелі бастауға бағытталған негізгі ұйымдастырушылық мәселелер қамтылды. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру, бірінші курс студенттерінің бейімделуіне жағдай жасау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және студенттер контингентін қалыптастыру бойынша жұмыстарды үйлестірудің маңыздылығы атап өтілді.

AMANZHOLOV UNIVERSITY жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жалғастырып, білім алушылар үшін қолайлы академиялық орта қалыптастыруға және оқу процесін сапалы ұйымдастыруға басымдық беруде.