31 тамыз 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН БЕЙІМДЕУ АПТАЛЫҒЫ ӨТІП ЖАТЫР
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылымен қарсы алып, олардың оқу орнына бейімделуіне бағытталған арнайы бағдарлама ұсынды. Оның аясында білім алушылар университеттің тыныс-тіршілігімен танысып, оқу үдерісіне қатысты маңызды ақпараттарды меңгереді және алдағы студенттік кезеңге қажетті бағыт-бағдар алады.
Бейімдеу бағдарламасының алғашқы күндерінде студенттер университет басшылығымен және Жоғары мектеп өкілдерімен кездеседі. Сонымен қатар эдвайзерлер мен кураторлар білім алушыларға оқу үдерісінің ұйымдастырылуы, білім алушының академиялық міндеттері мен оқу барысына қатысты негізгі мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Студенттер университеттің оқу ғимараттарымен және инфрақұрылымымен танысу үшін экскурсияларға қатысады. Мұндай кездесулер барысында білім алушылар өздеріне қажетті нысандардың орналасуымен танысып, университет кеңістігін еркін бағдарлауға мүмкіндік алады.
Оқу үдерісіне қатысты кездесулерде кредиттік оқыту технологиясының ерекшеліктері, жеке оқу жоспарын қалыптастыру, пәндерге тіркелу тәртібі және АИС Platonus жүйесінде жұмыс істеу жолдары түсіндіріледі. Бұл ақпараттар студенттердің оқу жылын дұрыс жоспарлауына және академиялық үдерісті тиімді ұйымдастыруына негіз болады.
Бағдарлама студенттердің университеттегі қосымша мүмкіндіктермен танысуын да қамтиды. Білім алушыларға студенттік клубтар мен ұйымдардың қызметі, ғылыми және шығармашылық жобалар, қоғамдық бастамалар және әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат беріледі. Осы арқылы студенттер өз қызығушылықтарына сәйкес бағыттарды таңдап, университет өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алады.
Б. Мамраев атындағы ғылыми кітапхананың қызметі мен білім алушыларға ұсынылатын ақпараттық ресурстар да таныстырылады. Сонымен қатар университеттің ішкі тәртіп ережелері, қауіпсіздік талаптары және Студенттік үйлерде тұру тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Бейімдеу апталығының маңызды бағыттарының бірі – академиялық адалдық пен цифрлық мәдениет мәселелері. Бағдарлама аясында университеттің жетекші профессорларының қатысуымен жалпы дәрістер өткізіледі. Бұдан бөлек, кибермәдениет, цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық және академиялық адалдық қағидаттарына арналған кездесулер қарастырылған.
Апталық бағдарламасында жаңа оқу жылының басталуына арналған Білім күніне орай салтанатты іс-шара да бар. Мерекелік жиын студенттерге университет қауымдастығының мүшелерімен танысып, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастауға мүмкіндік береді.
Бірінші курсқа арналған бейімдеу бағдарламасы білім алушылардың университет ортасына еркін кірігуіне, оқу үдерісінің талаптарын түсінуіне және оқу ордасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына бағытталған. Сонымен қатар бұл кезең студенттердің жаңа орта қалыптастырып, өздерінің академиялық және жеке даму бағыттарын айқындауына мүмкіндік береді.

