2 қыркүйек 2026


ӨСІМДІКТЕРДІҢ ҚҰПИЯ ТІРШІЛІГІ: ТАБИҒАТ ӘЛЕМІНЕН ҒЫЛЫМИ ЖАҢАЛЫҚТАРҒА ДЕЙІН

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің биология кафедрасы 1-курс студенттеріне арналған алғашқы кездесу-дәріс өткізді.

Биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жамал Тұрсынғожаққызы Игисинова «Өсімдіктердің құпия тіршілігі» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында студенттер өсімдіктер әлемінің алуан түрлілігімен, өсімдіктердің тіршілік ету ерекшеліктерімен және олардың табиғаттағы маңызды рөлімен танысты. Өсімдіктердің қоршаған орта жағдайларына бейімделуіне, олардың өзара байланысына және адам өміріндегі маңызына ерекше назар аударылды. Студенттер дәріске белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Алғашқы кездесу студенттер үшін университеттің академиялық және ғылыми ортасымен танысу жолындағы маңызды қадам болды. Сапалы білім алу тек теориялық білімді меңгерумен шектелмей, үнемі дамуға ұмтылуды, қоршаған әлемге қызығушылық танытуды, бақылау, талдау, сұрақ қою және жауаптарды өз бетінше таба білу дағдыларын талап ететіні атап өтілді.

Осындай танымдық кездесулерді өткізу бірінші курс студенттерінің ой-өрісін кеңейтуге, ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға, зерттеушілік әлеуетін ашуға, білім алуға деген қызығушылығын арттыруға, университет өміріне сәтті бейімделуіне және одан әрі кәсіби даму бағыттарын айқындауына ықпал етеді.