15 қыркүйек 2026


«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ»: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАРАФОНҒА ҚОСЫЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонының екінші кезеңі салтанатты түрде басталды.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы «Оқу мәдениетін дамыту және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес жүзеге асырылуда.

Мамраев атындағы ғылыми кітапханада өткен іс-шараға университет студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.

Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова жиналғандарға арнаған сөзінде әдебиеттің адамның ой-өрісін кеңейтіп, аналитикалық ойлау қабілетін дамытудағы және жастардың зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Ол жобаға ресми түрде старт беріп, эстафетаны студенттерге табыстады.

Негізгі кезең 15 қыркүйекте басталды. Бірнеше ай ішінде қатысушылар байқау тізіміне енген 15 шығарманы оқып, өз пікірлерін дайындауы тиіс. Қорытынды кезеңде оқылған шығармалар бойынша тестілеу және зияткерлік квиздер өткізіледі.

Университетішілік кезең жеке форматта ұйымдастырылады. Ең жоғары нәтиже көрсеткен үш студент университет командасының құрамына еніп, оқу ордасының намысын өңірлік кезеңде қорғайды.

«Мен осы кітапты оқимын!» акциясы аясында жоғары мектеп өкілдері өздері таңдаған шығармаларды таныстырып, оларды университет қауымдастығымен бөлісті. Кездесу соңында студенттер баршаға ортақ үндеу жолдады:

«Біз кітап оқимыз! Біз ойлау қабілетімізді дамытамыз! Біз – кітап оқитын ұлттың жастары!»

Жобаға қатысу әдебиет туралы мазмұнды пікір алмасуға жағдай жасап, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және университет қауымдастығын зияткерлік бастамалар төңірегіне біріктіруге мүмкіндік береді.