16 қыркүйек 2026
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИДІҢ ОРНЫ МЕН РӨЛІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп, «Ұлттық құндылықтар жүйесіндегі Қожа Ахмет Ясауидің орны мен рөлі» атты ашық дәріс өтті.
Рухани-танымдық кездесу Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын зерделеу, ұлттық құндылықтардың мәнін терең түсіну, тарихи сананы жаңғырту және жас ұрпаққа рухани мұраны насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуында «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының Президенті Қайрат Маратұлы Мусин кіріспе сөз сөйлеп, кездесудің маңыздылығына тоқталды.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сағидоллақызы Жарасова қатысушыларға алғы сөз арнады. Университет басшысы ұлттық құндылықтардың қоғамның рухани негізін қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, тарихи және рухани мұраны зерделеудің білім беру кеңістігіндегі мәніне тоқталды.
Ашық дәрістің негізгі бөлімінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай баяндама жасады.
Ол Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасы, оның түркі халықтарының дүниетанымы мен рухани мәдениетінің қалыптасуындағы орны кеңінен талқыланды. Ғалым Ясауи іліміндегі адамгершілік, ізгілік, білім, рухани кемелдену секілді ұстанымдарға тоқталып, олардың ұлттық құндылықтармен сабақтастығын түсіндірді.
Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – түркі дүниесінің рухани тарихындағы маңызды құбылыстардың бірі. Оның еңбектері мен ілімі арқылы адамды ішкі тазалыққа, білімге, ізгілікке және жауапкершілікке үндейтін идеялар кең тараған. Ашық дәрісте осы мұраның тарихи мәнімен қатар, қазіргі қоғамдағы рухани-танымдық маңызы да сөз болды.
Кездесудің келесі бөлімінде «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының мәдениет пен тарихты балама зерделеу жобасының жетекшісі Айбек Мүталапханұлы Каримов «Ясауи ілімінің Қазақстанның шығыс өңірінде (Алтай, Тарбағатай, Аягөз, Шыңғыстау) таралу тарихы» тақырыбында баяндама жасады.
Ол Ясауи ілімінің Қазақстанның шығыс өңіріндегі таралу тарихына назар аударып, Алтай, Тарбағатай, Аягөз және Шыңғыстау өңірлерінің тарихи-мәдени кеңістігіне қатысты мәліметтер ұсынды. Бұл бағыттағы зерттеулер Ясауи мұрасын жалпы түркілік рухани кеңістікпен қатар, өңірлік тарихпен сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік береді.
Дәріс соңында студенттермен сұрақ-жауап және ашық пікір алмасу болды. Қатысушылар толғандырған сұрақтарын қойып, ұлттық тәрбие, руханият, тарихи сана және рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері бойынша ой бөлісті.
Ашық дәріс Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын тереңірек танып, оның ұлттық құндылықтар жүйесіндегі орны мен рөлін пайымдауға мүмкіндік берген мазмұнды ғылыми-танымдық кездесу болды.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының бірлескен бастамасы ұлттық руханиятты дәріптеу, тарихи мұраны зерделеу және құндылықтар сабақтастығын нығайту бағытындағы маңызды пікір алмасу алаңын қалыптастырды.






