21 қыркүйек 2026


ITECX ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСІ: AMANZHOLOV UNIVERSITY ДОКТОРАНТЫ ИТАЛИЯДАҒЫ ФИНАЛҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің докторанты Каримжанов Яхё халықаралық ғылыми додада жоғары нәтиже көрсетіп, Италияда өтетін финалдық кезеңге жолдама алды.

2026 жылғы 18 қыркүйекте Астана қаласында өткен «ITECX – Fibonacci International Congress on Engineering, Technology and Mathematics» халықаралық ғылыми конгресінде университеттің «8D01502 – Физика» білім беру бағдарламасының докторанты Каримжанов Яхё «Физикалық құбылыстарды визуализациялауға арналған көпфункционалды STEM оқу құрылғысын әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жобасын таныстырды. Жоба конгресс қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан танылып, докторантқа Италияда өтетін халықаралық финалдық кезеңге қатысуға мүмкіндік берді.

Ғылыми жоба физикалық құбылыстарды көрнекі әрі түсінікті түрде зерделеуге мүмкіндік беретін көпфункционалды STEM оқу құрылғысын әзірлеуге және оның тиімділігін бағалауға бағытталған. Құрылғы физика, инженерия және заманауи цифрлық технологияларды өзара ұштастырып, білім алушылардың зерттеушілік, конструкторлық және практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Жобаның ғылыми-практикалық маңыздылығы, жаңашылдығы және білім беру үдерісінде қолдану әлеуеті халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.

Зерттеу жұмысы ғылыми жетекші Анас Бақдаулеттің жетекшілігімен жүзеге асырылды.

Бұл – университеттің ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде танытып, жас зерттеушілердің жаңа ғылыми кеңістікке жол ашып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістік.

Каримжанов Яхё мен ғылыми жетекшісі Анас Бақдаулетті осы айтулы жетістіктерімен құттықтаймыз! Италияда өтетін халықаралық финалда сәттілік, жаңа ғылыми белестер мен жоғары нәтижелер тілейміз!