19 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY БІЛІМ БЕРУ МЕН ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ДАМЫТУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білім беру үдерісін жетілдіруге, ғылыми зерттеулерді дамытуға және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізілуде. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен университет цифрлық жобаларды жүзеге асырып, өзіндік технологиялық шешімдерді әзірлеуде.

Бұл бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – AI-Sana бағдарламасы. Оның бірінші кезеңінде 8 300 студент тіркеліп, олардың 7 050-і оқуды аяқтап, жасанды интеллектінің базалық дағдылары бойынша сертификат алды. Ал екінші кезеңде білімін жалғастыру үшін 1 400 қатысушы іріктелді.

Университетте жеке цифрлық инфрақұрылым да дамып келеді. Бүгінде 13 AI-агент әзірленіп, оның сегізі жұмыс істеп тұр. Цифрлық сервистерді күн сайын 1 500-ден астам адам пайдаланады.

Университет студенттері практикалық міндеттерді шешуге арналған өз әзірлемелерін жасап, қолданысқа енгізуде. Олардың қатарында буллингтің алдын алуға және осы мәселеге тап болған адамдарға анонимді түрде қолдау көрсетуге арналған Antibullying Telegram-боты, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен өкпе ауруларын диагностикалау жүйесі бар.

Жасанды интеллект технологиялары университеттің күнделікті жұмысында да қолданылады. AI-Ustaz сервисі оқытушыларға оқу материалдарын әзірлеуге көмектессе, C2U жүйесі колледж түлектері меңгерген пәндерді университеттің білім беру бағдарламаларымен салыстыру үдерісін автоматтандырады. Бұл жүйе бұрын игерілген пәндерді қайта есептеу мәселесін қарастыру кезінде қолданылады.

Жасанды интеллект алгоритмдері оқу пәндерінің мазмұнын талдап, оны білім беру бағдарламаларының талаптарымен салыстыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұрын мамандар қолмен атқаратын жұмыстар жеңілдеп, тиісті үдерістердің тиімділігі артады.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтіп, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруді және студенттердің бастамаларын қолдауды жалғастыруда. Бұл ретте заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, өзіндік инновациялық шешімдер әзірлей алатын мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді.

Жасанды интеллектіні дамыту – Amanzholov University-дің цифрлық трансформациясының маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыс студенттердің ғылыми және шығармашылық әлеуетін ашуға, сондай-ақ қазіргі цифрлық экономикада сұранысқа ие құзыреттерін қалыптастыруға ықпал етеді.