21 қазан 2026


«ТАБИҒАТТЫҢ ЖОҒАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ҮНДЕРІ»: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ФОТО ЖӘНЕ БЕЙНЕЖҰМЫСТАР КӨРМЕСІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Биология кафедрасында «Табиғаттың жоғалып бара жатқан үндері» атты фото және бейнежұмыстар көрмесі өтті. Қоршаған ортаны қорғау мен сирек кездесетін жануарлар және өсімдіктер түрлерін сақтауға арналған көрме шығармашылық байқау форматында ұйымдастырылды.

Байқауға «6В08301 – Орман ресурстары, аңшылықтану және ара шаруашылығы», «6В05101 – Биология» білім беру бағдарламаларының студенттері мен Сәрсен Аманжолов атындағы Жоғары колледждің білім алушылары қатысты.

Қатысушылар фотосуреттер мен бейнематериалдар арқылы Шығыс Қазақстан табиғатының көркем келбетін, өңірдің бай флорасы мен фаунасының алуан түрлілігін таныстырды. Сонымен қатар қоршаған ортаның ластануы, сирек кездесетін түрлер санының азаюы және олардың табиғи мекендеу ортасының бұзылуы сияқты өзекті экологиялық мәселелерді көтерді.

Көрменің негізгі мақсаты – жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыру, биологиялық әртүрлілікті сақтаудың маңызын түсіндіру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Шығармашылық байқау білім алушыларға өз қабілеттерін танытып, табиғатты қорғауға қатысты көзқарастарын фото және бейнеөнер арқылы жеткізуге мүмкіндік берді.

Іс-шараның арнайы қонағы – Биология кафедрасының түлегі, жабайы табиғат фотографы Алиса Сергеевна Шмурыгина болды. Ол қатысушылармен кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, табиғат фотосуреттерінің экологиялық ағартудағы, қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттырудағы және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер түрлерін сақтаудағы маңызына тоқталды.

Табиғат фотографының кәсіби жолы биологиялық білім мен шығармашылықтың өзара байланысын айқын көрсетіп, жас зерттеушілер мен өнерге қызығатын білім алушыларға тағылымды үлгі болды.

Көрме табиғаттың қайталанбас сұлулығын дәріптеп қана қоймай, оны сақтау – баршамызға ортақ міндет екенін ұғындыруға бағытталды. Осындай бастамалар жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып, туған өлкенің табиғи байлығына деген құрметі мен жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ұйымдастырушылар көрмеге қатысып, өз туындыларын ұсынған барлық білім алушыға шығармашылық ізденістері мен табиғатқа деген жанашырлықтары үшін алғыс білдіреді.