23 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ICPC KAZAKHSTAN 2026 ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІНДЕ ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

2026 жылғы 18 қазанда спорттық бағдарламалау бойынша беделді халықаралық олимпиадалардың бірі – The 2026 ICPC Kazakhstan Regional Contest жарысының іріктеу кезеңі өтті. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің атынан жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының (ЖИжАТ) аға оқытушысы, жаттықтырушы Айнұр Толыбайқызы Уалханованың жетекшілігімен бес команда қатысты.

Бес сағатқа созылған сайыста қатысушылар алгоритмдік ойлау, бағдарламалау және командалық жұмыс дағдыларын көрсете отырып, күрделі олимпиадалық есептерді шешті. Жарыс қорытындысы бойынша Асылбек Еркінбек, Мерхат Мақсатұлы және Елнар Сәтбековтен құралған Low_Tokens командасы төрт есепті дұрыс орындап, 360 команданың арасында 98-орынға ие болды. Ал Диас Қанатбек, Дархан Еркінов және Данияр Амирханов өнер көрсеткен Code_C командасы үш есепті шешіп, 132-орыннан көрінді.

Аталған екі команда іріктеуден сәтті өтіп, жарыстың келесі кезеңі – өңірлік кезеңге қатысу құқығын растайтын ресми сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар Sudowin, Infinity және Triple_Point командалары да университет намысын абыроймен қорғап, табандылық пен жеңіске деген ұмтылысын танытты. Олар қатысушы сертификаттарымен марапатталды.

Жарысты университеттің Ақпараттық технологиялар орталығы Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасымен бірлесіп, қауымдастырылған профессор Айгүл Рамазанқызы Сыздықпаеваның қатысуымен ұйымдастырды. Сайыстың техникалық қамтамасыз етілуін ЖИжАТ кафедрасының қызметкерлері жүзеге асырды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті студенттер мен олардың жаттықтырушысын сәтті өнер көрсетулерімен құттықтап, алдағы кезеңде толағай табыстар, өз күштеріне деген сенім және жаңа жеңістер тілейді!