29 қазан 2026


ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛУ: ЖАҢА ТӘЖІРИБЕ, ЖАРҚЫН ӘСЕРЛЕР МЕН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуға кең жол ашады. Шетелдік жоғары оқу орнында білім алу тек жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға ғана емес, сонымен қатар өзге мәдени ортамен танысуға, дүниетанымды кеңейтуге, түрлі елдерден достар табуға және халықаралық қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аталған бағдарламаға қатысушылардың бірі – Абдир Ардақ Барынұлы. Студент шетелде білім алу барысында алған әсерлерімен бөлісіп, жаңа ортаға бейімделу кезеңі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуды жоспарлап жүрген жастарға өз кеңесін жеткізді.

Ардақтың айтуынша, бейтаныс елдегі алғашқы күндері толқыныс пен қобалжу қатар жүрген. Себебі жаңа қалаға, университетке және қоршаған ортаға үйрену қажет болды. Алайда бастапқы алаңдаушылық көп ұзамай жағымды әсерлерге ұласқан.

«Басқа ел, басқа қала, басқа университет болғандықтан, бәрі қалай болар екен деп алаңдадым. Алайда шын мәнінде барлығы біз ойлағаннан әлдеқайда жақсы болып шықты. Қала өте әдемі әрі жайлы. Университет оқытушылары бізді әрдайым күлімдеп қарсы алып, қажетті көмектерін көрсетеді. Осында тапқан достарым да маған үнемі қолдау білдіріп келеді», – дейді студент.

Жаңа ортаға бейімделуде айналасындағы адамдардың ақжарқын қарым-қатынасы, оқытушылардың қолдауы және өзге студенттермен еркін араласу мүмкіндігі маңызды рөл атқарған. Уақыт өте келе бейтаныс ортаға үйренісіп, шетелдегі әрбір күн ерекше әсерлерге толы бола бастаған. Әсіресе Ардаққа қаланың жайлы атмосферасы мен көркем табиғаты ерекше ұнаған.

Өз тәжірибесімен бөлісе отырып, студент өзге білім алушыларды өзгерістерден қорықпауға және академиялық ұтқырлық бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырады. Оның пікірінше, басқа елде білім алу – үйреншікті ортадан шығып, жаңа белестерді бағындыруға және өмір бойы есте қалатын ерекше естеліктер жинақтауға берілген үлкен мүмкіндік.

«Шетелде білім алу адамның дүниетанымын кеңейтіп, өзге халықтардың мәдениетімен танысуына және өзіне деген сенімділігін арттыруына көмектеседі. Жаңа елді көріп, жаңа достар тауып, өмір бойы есте қалатын ұмытылмас сәттерді бастан өткересіз. Бұрын тек фильмдерден көрген дүниелерді шынайы өмірде тамашалауға мүмкіндік аласыз. Сондықтан қорықпай, жаңа мүмкіндіктерге қадам басып, әлемді таныңыздар!» – деп атап өтті Абдир Ардақ Барынұлы.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу тәжірибесі халықаралық білім алудың шетелдік университет қабырғасында білім алумен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Бұл – дербестікке үйрену, жаңа жағдайларға бейімделу, құнды байланыстар орнату және болашақ мүмкіндіктерге тың көзқараспен қарау жолы. Осындай тәжірибе мен жарқын әсерлер студенттік өмірдің маңызды кезеңіне айналып, кәсіби қалыптасу мен келешек дамуға берік негіз қалайды.