2 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY TURKUNIB ҰЙЫМЫНЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ МҮШЕСІ РЕТІНДЕГІ РЕСМИ КУӘЛІГІН АЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне Түркі мемлекеттері ұйымының аясында жұмыс істейтін Түркі университеттері одағының (TURKUNIB) толыққанды мүшесі мәртебесін растайтын ресми куәлік табысталды.

Университет TURKUNIB құрамына 2022 жылғы 23 қарашада қабылданды. Оны Одақ мүшелігіне қабылдау туралы шешім Түркістан қаласында өткен Бас ассамблеяның VI отырысында бекітілген болатын.

TURKUNIB ұйымына мүшелік университет үшін халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Атап айтқанда, Бас ассамблея жұмысына, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларына, бейінді жұмыс топтарының қызметіне, халықаралық конференциялар мен ғылыми жарияланымдарға қатысуға жол ашады. Сонымен қатар студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, соның ішінде «Орхун» алмасу бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктерді пайдалануға жағдай жасайды.

Мүшелік туралы ресми куәлік 2026 жылғы 1 қыркүйекте Ыстанбұл қаласында берілді. Бұл құжат Amanzholov University-дің түркі әлемі университеттерінің халықаралық бірлестігіндегі толыққанды мүшелігін ресми түрде растады.

TURKUNIB ұйымына мүшелік Amanzholov University-дің халықаралық деңгейдегі позициясын нығайтып, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты дамытуға және түркі мемлекеттерінің ортақ білім беру әрі ғылыми кеңістігіне интеграциялануына қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.

Amanzholov University алдағы уақытта да халықаралық серіктестікті кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту және түркі әлемі елдерінің жоғары оқу орындарымен бірлескен бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.