2 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРІ ЖЫЛҚЫ МӘДЕНИЕТІНІҢ ДӘСТҮРЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Amanzholov University-дің шетелдік студенттеріне арнап атпен серуендеу ұйымдастырылды. Оған Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген білім алушылар қатысты.

Іс-шара студенттерге қазақ халқының өзіндік ерекшелігі бар мәдени дәстүрлерінің бірі – атқа міну өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Серуен кезінде қатысушылар атқа мінудің және оны басқарудың негізгі тәсілдерін үйреніп, жаңа дағдыларды меңгерді. Сонымен қатар еркін форматта пікір алмасып, өзара жақынырақ танысты. Кейбір студенттер үшін атқа міну алғашқы тәжірибе болды.

Бастаманың негізгі мақсаты – шетелдік білім алушыларға қолдау көрсету, олардың жаңа білім беру және мәдени ортаға бейімделуіне ықпал ету, достық қарым-қатынасты нығайту және мәдениетаралық байланысты дамыту. Таза ауада ұйымдастырылған серуен студенттерге күнделікті оқу үдерісінен бір сәт тынығып, жағымды әсер алуға және қазақ халқының дәстүрлерімен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.

Мұндай бастамалар университеттің тәрбие және сабақтан тыс жұмыстарының маңызды бөлігі саналады. Олар шетелдік студенттердің Қазақстанның тарихы мен мәдениетін жақынырақ танып-білуіне, қонақжайлық дәстүрін сезінуіне және жаңа достар табуына жол ашады. Нәтижесінде білім алушылар Amanzholov University-дің көпұлтты қауымдастығының ажырамас бөлігіне айналады.