4 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Кәсіптік бағдар беру жұмысын қалай заманауи, қызықты әрі нәтижелі етуге болады? Бұл мәселе Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Владимировна Ровнякованың төрағалығымен өткен Кәсіптік бағдар беру кеңесінің отырысында талқыланды.

Жиын барысында болашақ талапкерлермен жұмыс істеу тәсілдерін жаңарту, мектептермен өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын қалыптастыру және жастарды университетке тартудың тиімді тетіктерін енгізу мәселелері қарастырылды.

Әсіресе мектеп оқушыларына ерте кәсіптік бағдар беру бағытына басымдық берілді. Негізгі мақсат – оқушыларды университеттің білім беру бағдарламаларымен таныстырып қана қоймай, мамандықтар әлемін танып-білуге, кәсіби даму мүмкіндіктерін бағалауға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру.

Сонымен қатар кәсіптік бағдар беру іс-шараларының тәжірибелік мазмұнын күшейту, мектептермен серіктестікті дамыту және болашақ талапкерлердің университет өміріне қызығушылығы мен белсенділігін арттыру негізгі басымдықтар ретінде белгіленді.

Отырыс қорытындысында алдағы кезеңдегі жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Басты міндет – мектеп қабырғасынан бастап болашақ талапкерлермен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік беретін заманауи әрі нәтижелі кәсіптік бағдар беру жүйесін қалыптастыру.