4 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СПОРТШЫЛАРЫ ПАРА-АРМРЕСТЛИНГТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРҒА ИЕ БОЛДЫ

Үндістанның Дели қаласында пара-армрестлингтен өткен 28-ші әлем чемпионатында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына төрт медаль салды.

Әлемдік дода 30 қазан мен 2 қараша аралығында Дүниежүзілік армрестлинг федерациясының (WAF) ұйымдастыруымен өтті. Чемпионат аясында жастар арасында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен университет спортшылары жүлделі орындарға ие болды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының мүшесі, спорт шеберлігіне кандидат Жанерке Ардаққызы сол қолмен сынға түсуде қола, ал оң қолмен күресте күміс медаль жеңіп алды.

Ал ұлттық құраманың тағы бір мүшесі, спорт шеберлігіне кандидат Айбын Амангелдин екі қолмен де қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Спортшы сол және оң қолмен күресте екі алтын медаль иеленді.

Осылайша, университет спортшылары әлем чемпионатында екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының нәтижелі өнер көрсетуіне үлес қосты.

Спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!